2026 жылғы 18 қыркүйекте «Ақпараттық жүйелер» және «IT-менеджмент» білім беру бағдарламаларының бірінші курс магистранттарымен ұйымдастыру кездесуі өтті.
Кездесу барысында «IT» кафедрасының меңгерушісі А.А. Абдукаримова «Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультетінің деканы Б.А. Серімбетовті, магистранттарды даярлауды қамтамасыз ететін кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамын таныстырып, білім беру үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктері, магистратураға қойылатын талаптар, ғылыми бағытты, магистрлік диссертация тақырыбын және ғылыми жетекшіні таңдау тәртібі туралы білім алушыларға толық ақпарат берді.
Кездесудің негізгі бағыты «IT» кафедрасы бастамашылық еткен IT-индустриямен практикаға бағдарланған ынтымақтастықты дамыту жұмысы болды. Осы өзара іс-қимыл аясында «Helios Soft» ЖШС өкілдері (директоры Д.Н. Ермеков, М.Н. Ермеков, Х. Адиев) және «Global Green Hub» ЖШС директоры А.О. Сейфуллина кәсіпорындардың нақты міндеттері мен қажеттіліктеріне негізделген өзекті бағыттарды таныстырып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) жүзеге асыруға арналған тақырыптарды ұсынды.
Магистранттарды ҒЗТКЖ жобаларын іске асыруға тарту жоспарлануда. Ұсынылған практикаға бағдарланған тақырыптар магистрлік диссертацияларды дайындауға және IT-компаниялар өкілдерімен бірлесіп қолданбалы шешімдер әзірлеуге негіз болады.
Осылайша, кафедраның бұл бастамасы академиялық даярлық, ғылыми зерттеулер және IT-индустрияның практикалық міндеттері арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ магистранттарға нақты кәсіби жобаларға қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.
