K. Kulazhanov Kazakh University of Technology and Business ғалымдарының қатысуымен дайындалған «Ovocidal Effect of Achillea salicifolia and Hedysarum gmelinii Extracts on Toxocara cati Eggs in an in Vitro Experiment» атты ғылыми мақала халықаралық рецензияланатын American Journal of Animal and Veterinary Sciences журналында (2025, Vol. 20, Issue 4, pp. 386–394) жарияланды (мақаланың толық нұсқасы мұнда).
Аталған журнал халықаралық ғылыми дерекқорларда индекстеледі және Q2 квартиліне жатады. Оның процентилі 61, бұл жарияланымның жоғары ғылыми маңыздылығын көрсетеді.
Зерттеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылай қолдауымен ПЦФ бағдарламасы (BR 24992761) аясында жүзеге асырылды.
Ғылыми жұмыс тобының құрамына Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің және өзге де ғылыми ұйымдардың ғалымдары кірді.
ҚазҰТБ тарапынан зерттеуге профессор-зерттеуші Сүлеймен Ерлан Мэлсұлы қатысып, ғылыми жетекшілік, жобаны үйлестіру және ресурстық қамтамасыз ету жұмыстарын атқарды.

Зерттеудің негізгі нәтижелері
Ғылыми жұмыста Achillea salicifolia және Hedysarum gmelinii өсімдіктерінің экстракттарының Toxocara cati паразитінің жұмыртқаларына қарсы овицидтік белсенділігі in vitro жағдайда салыстырмалы түрде зерттелді.
Негізгі нәтижелер:
- өсімдік экстракттарының айқын дозаға және уақытқа тәуелді әсері анықталды;
- 10% концентрация кезінде 48 сағаттан кейін тіршілікке қабілетсіз жұмыртқалар үлесі 87–90%-ға жетті;
- экстракттардың тиімділігі фенолдың әсеріне (94%) жақындады, алайда өсімдік негізіндегі препараттар экологиялық тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз;
- фитопрепараттарды қоршаған ортаны санитарлық өңдеуде қолдану мүмкіндігі дәлелденді.
Зерттеу нәтижелері отандық өсімдік шикізатын ветеринариялық және санитариялық мақсаттағы экологиялық қауіпсіз құралдарды әзірлеуде қолданудың ғылыми негізін кеңейтеді.
Q2 деңгейіндегі журналда жариялану ҚазҰТБ ғылыми ұжымдарының жоғары ғылыми әлеуетін және ветеринариялық паразитология мен фитофармакология саласындағы үлесін айқын көрсетеді.
Айта кету керек, ветеринариялық препарат Achillea salicifolia сығындысын пайдаланып жасалған.

Университет ұжымы авторларды табысты жарияланыммен құттықтап, алдағы уақытта жаңа ғылыми жетістіктерге, халықаралық жобаларға және жоғары квартильді журналдардағы жарияланымдарға жетулеріне тілектестік білдіреді!