ҚазТБУ жас зерттеушілерінің халықаралық конференциядағы ғылыми жетістіктері

2026 жылғы 10 сәуірде Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріндегі пәнаралық зерттеулердің перспективалық бағыттары» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция ғалымдарды, оқытушыларды, жас зерттеушілер мен студенттерді біріктіріп, өзекті ғылыми бағыттарды талқылау, инновациялық технологияларды енгізу және пәнаралық зерттеулерді дамыту үшін тиімді алаң ұсынды.

Конференция жұмысына табиғи қосылыстар химиясы және фармацевтика бойынша ПЦФ зертханалар кешенінің қызметкерлері (ПЦФ BR249927761 жобасының жетекшісі – зерттеуші профессор, х.ғ.к., PhD Ерлан Мэлсұлы Сүлеймен) белсенді қатысты: Биримжанова Д.А., Нурымов Ж.Д., Нұрқадіров Д.Қ., Қурбаналиева Д., Жадраева К., Кенжеболат А., Жантұрсын А., Молдалиева А.

Зерттеушілер «Химиялық инженерияның инновациялық технологиялары және экологиялық қауіпсіздік» атты екінші секцияда баяндама жасап, табиғи қосылыстар химиясы, фитохимия және биотехнология бағыттары бойынша ғылыми нәтижелерін ұсынды:

  • Биримжанова Д.А. – «Artemisia vulgaris өсімдігінің биологиялық белсенді заттары»;
  • Нурымов Ж.Д. – «Achillea salicifolia өсімдігінің антимикробтық белсенділігі мен флавоноидтық құрамына кешенді бағалау»;
  • Нұрқадіров Д.Қ. – «Linaria vulgaris Mill. өсімдігіндегі фенолкарбон қышқылдарын жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы әдісімен зерттеу»;
  • Қурбаналиева Д. – «Achillea setacea өсімдігінің жер үсті бөлігінің этанол сығындысының биологиялық белсенділігін бағалау»;
  • Жадраева К. – «Ақмола облысында жиналған Achillea nobilis L. этанолды сығындысының биологиялық белсенділігін зерттеу»;
  • Кенжеболат А. – «Polygonum argyrocoleon экстрактының хроматографиялық зерттелуі»;
  • Жантұрсын А. – «Polygonum arenastrum спирттік экстрактының биологиялық белсенділігі»;
  • Молдалиева А. – «Cladosporium halotolerans метаболиттерін колонкалық хроматография әдісімен фракциялауын зерттеу».

Конференция қорытындысы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен Қурбаналиева Д., Жадраева К., Кенжеболат А., Жантұрсын А., Молдалиева А. марапатталды. Бұл ұсынылған зерттеулердің жоғары деңгейін және университеттің жас ғалымдарының ғылыми әлеуетінің зор екенін көрсетеді.

Конференцияға қатысу ғылыми зерттеулердің өзекті нәтижелерін көрсетуге, академиялық байланыстарды нығайтуға және табиғи қосылыстар химиясы мен фармацевтика саласындағы ғылыми қызметтің одан әрі даму перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді. Табиғи қосылыстар химиясы және фармацевтика бойынша ПЦФ зертханалар кешені (жоба жетекшісі – Сүлеймен Е.М.) заманауи ғылыми орталық болып табылады. Кешен бірегей құрал-жабдықтармен жабдықталған және ПЦФ жобаларын іске асыруға белсенді қатысатын жоғары білікті мамандарды біріктіреді. Оның құрылымында заманауи аналитикалық және препаративтік хроматографтармен, MPLC және Chromaton жүйелерімен жабдықталған хроматография зертханасы, сондай-ақ СО₂-экстракция және бу айдау зертханасы жұмыс істейді. ПЦФ зертханалар кешенінде хроматографиялық және физика-химиялық талдау әдістері саласында үлкен тәжірибесі бар жоғары деңгейлі мамандар еңбек етеді.