Білім алушылардың кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған «Білім алушылардың экскурсия жүргізу шеберлігі» конкурсы өтті

13 ақпан 2026 жыл күні Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің «Туризм және сервис» кафедрасының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент музейі корпоративтік қоры қолдауымен «Білім алушылардың экскурсия жүргізу шеберлігі» атты конкурс табысты өтті. Іс-шара болашақ туризм мамандарының тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, экскурсия жүргізу мәдениетін қалыптастыруға және кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталды.

Байқауға «Туризм», «Халықаралық туризм», «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан 1–4 курс студенттері қатысты. Байқаудың негізгі бөлімінде қатысушы командалар алдымен өз командаларын таныстырып, «Атамекен», «Астана – тәуелсіздік символы», «Зияткер ұлт», Жеке заттар мен сәндік табақтар коллекциясынан құралған көрме» атты экспозицияларды таныстырды. Қатысушы командалардың экскурсия жүргізудегі кәсіби шеберлігі комиссия тарапынан бекітілген критерийлер негізінде бағаланды. Бұл конкурс білім алушыларға:

  • көпшілік алдында сенімді сөйлеу;
  • аудиториямен байланыс орнату;
  • тарихи-мәдени материалды жүйелі және логикалық баяндау;
  • уақыт регламентін сақтау;
  • командалық жұмыс дағдыларын дамыту сияқты кәсіби маңызды құзыреттерді шыңдауға мүмкіндік берді.

Ең бастысы, білім алушылар нақты музейлік ортада жұмыс істеп, болашақ мамандығының практикалық талаптарын сезінді. Бұл олардың кәсіби өзін-өзі бағалауына, жауапкершілік деңгейінің артуына және еңбек нарығына дайындық деңгейінің жоғарылауына оң әсер етті.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз команда деп 4 және 2 курс студенттерінен құралған «Nomads» командасы танылды. ІІ орынды «Астана жүрегі» командасы, ал ІІІ орынды «Мұра сақшылары» командасы иеленді. Аталған командалар дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мұндай тәжірибелік форматтағы іс-шаралар болашақ туризм мамандарының еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың кәсіби тұлғалық қалыптасуына оң ықпал етеді.

Мұндай ауқымды іс-шара университет үшін де стратегиялық маңызға ие. Біріншіден, ол білім беру үдерісінің практикаға бағытталғанын көрсетеді. Теориялық дайындық пен нақты кәсіби ортадағы жұмыс үйлесім табуы – заманауи білім берудің басты талабы.

Екіншіден, университет пен музей арасындағы ынтымақтастық білім алушыларға сапалы тәжірибе алуға жағдай жасап қана қоймай, оқу орнының серіктестік желісін нығайтады

Үшіншіден, байқау дарынды және белсенді студенттерді анықтауға, олардың көшбасшылық және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар студенттердің академиялық мотивациясын күшейтіп, кәсіби бағыттылығын нақтылай түседі.