2025 жылғы 17 қыркүйекте Palazzo degli Affari бизнес-орталығында «Туризм» және «Халықаралық туризм» білім беру бағдарламаларының білім алушылары мен оқытушылары қазіргі заманның көрнекті қайраткері - Мексикадан шыққан Франциско Саломон Луна Абурто мырзамен кездесті. Ол
- полимат, визионер, суретші, филантроп және Servas ұйымының Халықаралық бейбітшілік хатшысы.
Кездесу барысында Абурто мырза 1949 жылы құрылған халықаралық үкіметтік емес ұйым Servas-тың миссиясы мен қызметі туралы баяндады. Ұйымның басты мақсаты - мәдени алмасу, өзара түсіністік және халықтар арасындағы достық арқылы бейбітшілікті нығайту. Қатысушылар Servas мүшесі болу жолдарын, бағдарламаға қатысудың артықшылықтарын және ұйым жүзеге асырып жатқан жобаларды білді.
Білім алушылар мен оқытушылар ашық диалогқа белсенді қатысып, мәдениетаралық коммуникация, жаһандық туризм және бейбітшілікті ілгерілетудегі жастардың рөлі туралы сұрақтар қойды.
Кездесу жылы әрі мазмұнды атмосферада өтті және жас ұрпақтың халықаралық ой-өрісін кеңейту мен жаһандық байланысты нығайтуға маңызды қадам болды.