Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде химиялық элементтердің бірегей интерактивті 4D-периодтық кестесі ұсынылған. Жобаның авторы – химия ғылымдарының кандидаты, PhD, зерттеуші профессор Ерлан Мэлсұлы Сүлеймен.
Инновациялық әзірлеме авторлық куәлікке ие болып, сондай-ақ республикалық баспасөзде, атап айтқанда, 2026 жылғы 17 сәуірдегі «Деловой Казахстан» газетінде жарияланды (мақала сілтемесі: https://dknews.kz/ru/all).
Қазіргі уақытта бұл инновациялық әзірлеме университеттің технопарк ғимаратында орналастырылған және білім беру мен ғылыми-ағартушылық кеңістіктің маңызды бөлігіне айналды. Интерактивті стенд мектеп оқушыларына, студенттерге және ғылымға қызығушылық танытатын барлық келушілерге ашық.
Интерактивті кестені құру идеясы ғалымның қызы – Нұрия Сүлейменге, мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберіне және олимпиадалық құрам мүшесіне тиесілі. Ерлан Сүлеймен Қытай ғылым академиясында жұмыс істеп жүрген кезде, ол әкесіне Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің кабинетінде орналасқан 4D-кестенің суретін жіберген. Алайда ондағы нұсқа қарапайым болып, тек химиялық элементтердің өзін ғана қамтыған. Бұл жағдай ғалымды мазмұны терең, көрнекі және интерактивті жаңа форматтағы кесте жасауға шабыттандырды. Қазақстанға оралған соң профессор жобаны іске асыруға кірісіп, кестені заттардың, минералдардың, қосылыстардың нақты үлгілерімен толықтырып, заманауи цифрлық және мультимедиялық технологияларды енгізді.
Профессор Ерлан Сүлеймен ғылым, визуализация және цифрлық технологияларды біріктіретін жаңа буындағы білім беру платформасын жасап, жобаны сәтті жүзеге асырды.
Жасалған кесте – заманауи қабырға стенді түрінде ұсынылған. Әрбір ұяшық белгілі бір химиялық элементке сәйкес келеді және оның құрамындағы заттар, минералдар, қосылыстар мен бұйымдардың нақты үлгілерін қамтиды. Жобаның басты ерекшелігі – оның интерактивтілігі мен мультимедиялық мүмкіндіктері: әрбір ұяшықта смартфон арқылы қосымша ақпарат алуға мүмкіндік беретін QR-кодтар орналасқан, сондай-ақ басқару жүйесімен байланыстырылған.
Конструкцияға Қазақстан картасы енгізілген, онда пайдалы қазбалар кен орындары мен өндірістік нысандар көрсетілген. Ұяшық ашылған кезде сәйкес элементтің өндірілетін немесе қолданылатын аймағы автоматты түрде жарықпен белгіленеді. Мысалы, мыс элементін таңдағанда Жезқазған кен орны, ал темірді таңдағанда темір кені өндірілетін аймақтар мен металлургиялық кәсіпорындар көрсетіледі. Ашылу датчиктері визуализация мен мультимедиялық элементтерді, соның ішінде экрандағы білім беру бейнематериалдарын іске қосады.
Интерактивті кесте химия, география және өнеркәсіпті біртұтас білім беру кеңістігінде біріктіріп, ғылымды оқыту үдерісін көрнекі әрі қызықты етеді. Бұл әзірлеме жастардың Қазақстанның табиғи ресурстары, олардың географиялық орналасуы мен өндірістік маңызы туралы түсінігін қалыптастыруға, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Профессор Ерлан Мэлсұлы Сүлеймен – Қазақстанның белгілі ғалымы, 30-дан астам патенттің және 400-ден астам ғылыми жарияланымдардың авторы. Оның зерттеулері табиғи қосылыстар химиясы, фармацевтика және жаңа материалдар салаларын қамтиды.
Инновациялық әзірлеме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің назарын аударып, оны музей экспозициясына орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазіргі уақытта кесте ҚазТБУ технопаркінде орналасқан және келушілер үшін ашық. Мектеп оқушыларын, студенттерді және барлық қызығушылық танытушыларды технопарк ғимаратына келіп, ғылым, технология және білімді біріктіретін бірегей әзірлемемен танысуға шақырамыз.
Бұл жобаның ҚазТБУ технопаркінде орналасуы университеттің заманауи білім беру технологияларын енгізу және ғылымды насихаттау орталығы ретіндегі рөлін айқындайды, сондай-ақ экскурсиялар, білім беру іс-шаралары мен ғылыми демонстрациялар өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
- Химиялық элементтердің 4D-периодтық кестесіне авторлық куәлік
- Идея авторы – Нұрия Сүлеймен (мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері, олимпиадалық құрам мүшесі)
- Билл Гейтстің кестесі
- Е.М. Сүлейменнің кестесі