К. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің ұжымы жетекші ғылыми қызметкер, химия ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Сүлеймен Ерлан Мэлсұлын профессор ғылыми атағының берілуімен шын жүректен құттықтайды!
Бұл атақ Ерлан Мэлсұлына қауымдастырылған профессор (доцент) кезеңінсіз, яғни ерекше ғылыми жетістіктеріне байланысты кезектен тыс берілді. Ерлан Мэлсұлы 380-нен астам ғылыми жарияланымдардың авторы, олардың көпшілігі жоғары дәйексөзделген, Хирш индексі – 20.
Қазіргі таңда профессор Сүлеймен Ерлан Мэлсұлы екі ғылыми гранттық жобаның жетекшісі болып табылады:
🔹 Мемлекеттік грант (ҒФ) – Қазақстандағы қыналардан жаңа антибиотикалық қосылыстарды бөліп алу, табиғи антимикробтық заттардың жаңа көздерін іздеуге арналған.
🔹 Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы (БНҚ) – медицина және ветеринария саласына арналған дәрілік препараттарды жасау, табиғи қосылыстар негізінде жаңа фармакологиялық түрлерді әзірлеуге бағытталған.
Бұл жобалар Сүлеймен Ерлан Мэлсұлының бастамасымен құрылған ҚазУТБ зертханаларының базасында жүзеге асырылуда және отандық ғылым мен фармацевтиканың дамуына маңызды үлес қосуда.
Профессор Сүлеймен Ерланға ғылыми қызметінде табыс, жаңа жетістіктер мен зерттеушілік бастамаларының жүзеге асырылуын тілейміз!
Анықтама
Сүлеймен Ерлан Мэлсұлы – табиғи қосылыстар химиясы саласының маманы, 2020–2024 жылдар аралығында Web of Science деректеріне сәйкес Қазақстандағы ең көп дәйексөзделген химик-ғалымдардың ТОП-50 қатарына еніп, 46-орынды иеленді. Ғалымның 370-тен астам еңбегі бар, соның ішінде 7 кітап және 30 патент. Scopus деректер базасы бойынша Хирш индексі – 20. Ерлан Сүлейменнің табиғи қосылыстар химиясы, фитохимия және биологиялық белсенді заттар, мұнайхимия саласындағы үлесі Қазақстанда да, шетелде де кеңінен мойындалды. Оның зерттеулері жаңа табиғи қосылыстарды бөліп алу мен олардың құрылымдық сипаттамасын, сондай-ақ фармакологиялық белсенділігін зерттеуді қамтиды. Сүлеймен Е.М. Қазақстан Республикасының табиғи қосылыстар химиясы, органикалық химия, мұнайхимия және басқа да салалар бойынша 27 патенттің авторы. Ол Қазақстан жусандарынан алғаш ашқан жаңа қосылыстарға жусанин және жусан-кумарин атауын берді, сонымен қатар қабат суларынан бағалы скваленді бөліп алды және жаңа каучуконос өсімдік түрін ашты. Оның 50-ден астам коммерцияландыруға арналған әзірлемелері бар, соның ішінде 11 – коронавирусқа қарсы, 15 – әскери салаға бағытталған. Оның жетекшілігімен 2 PhD докторы даярланды. Ғалымның студенттері республикалық деңгейдегі ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстар байқауларында – 2, университетішілік деңгейде – 6 жүлдегер атанды; студенттері халықаралық деңгейде – 11, республикалық деңгейде – 2, университетішілік деңгейде – 1 жүлдеге ие болды. Сүлеймен Е.М. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында жыл сайын өткізілетін мектеп оқушылары арасындағы химиядан халықаралық ғылыми жобалар байқауын ұйымдастырушы. Жалпы саны 50 оқушы-бәйге жүлдегерін тәрбиелеген. Авторлық құқығы бар бірегей «Қазақстан» 4D периодтық кестесінің авторы, ол Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында көрсетіліп тұр. «Жылдың үздік ұстазы» атағының иегері. Марапаттары мен стипендиялары: – «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2015» гранты, – DAAD (Германия, 2008), – UNIDO-ICS-UN (Түркия, 2008), – Мацумаэ халықаралық қоры (Жапония, 2009), – Erasmus Mundus (ЕО, 2009), – ТМД елдерінің инновациялық жобалары конкурсы (Ресей, 2010), – «Болашақ» бағдарламасы (2011), – USAID (АҚШ, 2011), – Қытай Ғылым Академиясы (2018), – Мемлекеттік ғылыми стипендия (2020), – «Педагог-мастер» (2020), – Біріккен Ұлттар Ұйымында тағылымдама (2024). Марапат белгілері: – Мацумаэ халықаралық қорының (Жапония) «Ғылымға қосқан үлесі үшін» медалі, – «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2015» медалі, – 2024 жылдан бастап ҚазУТБ-ның құрметті профессоры (медалімен). 📚 Ерлан Сүлейменнің ғылыми жарияланымдарымен Google Scholar платформасында танысуға болады: scholar.google.com Қазақстандағы ең көп дәйексөз алған химиктер рейтингі туралы толығырақ: science.chemistry.kz/103.html