К. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті Әзербайжан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық маңызы бар бірқатар ынтымақтастық меморандумдарын жасасу арқылы өзінің халықаралық деңгейдегі ұстанымын едәуір нығайтты.
Аталған келісімдер Алматы қаласында Arizona State University базасында өткен Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының II «Study in Azerbaijan» форумы аясында жүзеге асырылды.
Бұл форум жоғары білім беру саласындағы халықаралық диалогты дамытуға, озық тәжірибелермен алмасуға және тұрақты академиялық байланыстарды қалыптастыруға бағытталған беделді алаң болып табылады. Форум жұмысына университеттің Басқарма төрағасы – ректор Байболова Ляззат Кемербековна, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Өсербай Мөлдір қатысып, университеттің жаһандық білім беру кеңістігіне белсенді интеграциялануға деген институционалдық ұстанымын айқындады.
Іскерлік бағдарлама аясында Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындары – Azerbaijan Technical University және Azerbaijan State University of Economics (UNEC) университеттерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Аталған келісімдер академиялық ұтқырлықты жүйелі дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ бірлескен инновациялық және зерттеу жобаларын іске асыруға бағытталған.
Сонымен қатар, қол қойылған меморандумдар бірлескен зерттеулер жүргізуге, пәнаралық тәсілдерді енгізуге және білім беру бағдарламаларының сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес арттыруға берік институционалдық негізін қалайды, сондай-ақ, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, инженерлік білім беру, ғылым және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастық көкжиегін кеңейтеді.
Осылайша, аталған іс-шара трансұлттық білім беру өзара іс-қимылының дамуына маңызды үлес қосып, университеттің жаһандық академиялық және ғылыми қауымдастыққа белсенді кірігуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.