2026 жылдың 25 ақпанында «Туризм және сервис» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылары Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасының 11-қадамын іске асыру және кластер жұмысына белсенді қатысу мақсатында атсалысты. Осы мақсатта Астана қаласы әкімдігінің «Сервис және туризм колледжі» ШЖҚ МКК базасында «Қонақжайлық және туризм» аймақтық білім беру-өндірістік кластері құрылды.
Кластердің негізгі мақсаты – туризм саласына қызығушылықты ерте жастан қалыптастыру және үздіксіз кәсіби бағдар жүйесін дамыту. Бұл бағытта балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж және университет білім алушылары белсенді қатысты. Балабақша кезеңінде қонақжайлық мәдениетінің негізі қаланса, мектепте туризм негіздері таныстырылып, болашақ мамандық бағыты айқындалады. Ал жоғары білім деңгейінде білім алушылар қонақ үй ісі, туризм менеджменті және сервис саласы бойынша кәсіби құзыреттерін қалыптастырады.
Кластер жұмысын үйлестіру мақсатында Үйлестіру кеңесі құрылып, оның құрамына білім беру ұйымдарының басшылары, салалық мекемелер мен кәсіпорын өкілдері енгізілді. Іс-шара барысында ұйымдар тарапынан мастер-класстар ұйымдастырылып, білім алушыларға практикалық тәжірибе ұсынылды. Сонымен қатар, «Туризм және сервис» кафедрасының білім алушысы Жеңіс Дархан коктейль дайындау бойынша шеберлік сабағын өткізіп, өз дағдыларын көрсетті.
Академиялық орта мен өндірістік сектор арасындағы тұрақты ынтымақтастық білім алушылардың кәсіби тәжірибесін арттырып, нақты кәсіпорындармен жұмыс істеуіне және еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді.