«Есеп және аудит» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Әбдірахманов Нұрлан, 3-курс студенті Асылбекова Алтынай және супервайзер Байдаирова Клара Божековна «Бухгалтерлік есептің трансформациясы: үрдістер, сын-қатерлер және перспективалар» атты халықаралық бухгалтерлік есеп олимпиадасында университеттің намысын лайықты қорғады. Олимпиада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында өтті.
Олимпиада барысында қатысушылар теориялық дайындықтың жоғары деңгейін және практикалық дағдыларын көрсетті. Байқау нәтижелері бойынша команда тестілеу кезеңінде 1-орынды иеленіп, ХҚЕС талаптарына сәйкес заманауи бухгалтерлік есеп саласындағы терең білімдерін дәлелдеді. Сонымен қатар, барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша студенттер жалпыкомандалық есепте 2-орынды жеңіп алып, халықаралық деңгейде өздерінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Команда «Дебет на взлете» атауымен өнер көрсетті.
Асылбекова Алтынай мен Әбдірахманов Нұрланның жетістігі – олардың мақсаттылығының, кәсібилігінің және «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы бойынша сапалы дайындықтың жарқын көрінісі. Бұл жетістік оқу үдерісінің жоғары деңгейін айқындап, университеттің академиялық қауымдастықтағы беделін нығайтуға ықпал етеді.