2026 жылғы 13 ақпанда Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің «Туризм және сервис» кафедрасы Тұңғыш Президент музейімен бірлесіп «Білім алушылардың экскурсия жүргізу шеберлігі» атты кәсіби байқау өткізді. Бұл іс шара «Туризм және сервис» кафедрасының апталығы аясында өткізілді. Іс-шара болашақ туризм мамандарының тәжірибелік даярлығын арттыруға және экскурсиялық қызмет саласындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталды.
Байқаудың ашылу рәсімінде Тұңғыш Президент музейі корпоративтік қорының директоры Ақтаева Күләйша Қабдуалиқызы сөз алып, білім алушыларды кәсіби тұрғыдан даярлауда осындай шаралардың маңыздылығын атап көрсетті. Сөз алған Экономика және бизнес факультетінің деканат өкілі және «Туризм және сервис» кафедрасының меңгерушісі Жунусова Алия Анархановна құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, университет басшылығы тарапынан музей директорына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Байқауға «Туризм», «Халықаралық туризм», «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламалары бойынша 1–4 курс студенттері қатысты. Конкурс командалық форматта ұйымдастырылып, әр топ музей экспозициялары негізінде 10–15 минуттық экскурсиялық таныстыру ұсынды.
Студенттердің жұмыстары кәсіби комиссия тарапынан бекітілген критерийлер негізінде бағаланды. Бағалау барысында материалды меңгеру деңгейі, баяндау құрылымы, деректердің нақтылығы, сөйлеу мәдениеті, аудиториямен байланыс және регламентті сақтау талаптары ескерілді.
Қазылар алқасы шешім қабылдағанға дейін университеттің «Шертер» ансамблі шығармашылық нөмір ұсынып, іс-шараның мазмұнын толықтырды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз «Nomads» командасы І орын және жүлдегерлер «Астана жүрегі» командасы ІІ орын, «Мұра сақшылары» командасы ІІІ орын алып, тиісті дәрежедегі дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.
Аталған байқау студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, музейлік ортада кәсіби дағдыларын шыңдауға және болашақ маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, университет пен музей арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, білім мен мәдениет саласының өзара байланысын көрсететін маңызды алаңға айналды.