2026 жылғы 13 ақпанда Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің «Туризм және сервис» кафедрасы Тұңғыш Президент музейімен бірлесіп «Студенттердің экскурсия жүргізу шеберлігі» атты кәсіби байқау өткізді. Іс-шараның табысты ұйымдастырылуына музей басшылығы мен ұжымының жан-жақты қолдауы мен кәсіби серіктестігі ерекше үлес қосты.
Конкурс Тұңғыш Президент музейінің экспозициялық залдарында офлайн форматта өткізілді. Музей тарапынан студенттерге нақты музейлік ортада жұмыс істеуге, шынайы экспозициялар негізінде экскурсиялық фрагменттер дайындауға және кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берілді. Музейдің бас сарапшысы, кәсіби экскурсовод Қоңыршин Қайыржан Фазылжанұлы алдын ала білім алушыларға экскурсия жүргізу бойынша мастер класс көрсету арқылы оларға қандай экспонаттарда тоқталу керек, қалай аудиториямен жұмыс жүргізу қажет екендігі жайлы терең ақпарат берді. Нәтижесінде, білім алушылар үлкен ауқымды ақпараттарды еркін түрде меңгеріп, аудиторияға жеткізе алды. Байқаудың негізгі кезеңінде қатысушы топтар музейдің «Атамекен», «Астана – тәуелсіздік символы», «Зияткер ұлт», сондай-ақ жеке заттар мен сәндік табақтар коллекциясынан құралған көрмелері негізінде экскурсия жүргізді.
Музей кеңістігі студенттер үшін тек байқау алаңы ғана емес, болашақ кәсіби қызметтің нақты моделі болды. Экспозициялармен тікелей жұмыс жасау, тарихи-мәдени мұраны интерпретациялау, аудиториямен өзара әрекет орнату – мұның барлығы музейдің қолдауы арқылы жүзеге асты. Одан бөлек, байқау нәтижелерін бағалау үшін құрылған комиссия құрамына музей өкілінің енгізілуі іс-шараның кәсіби деңгейін арттырды. Бұл студенттердің жұмысына практик-мамандар тарапынан әділ әрі сапалы сараптама жасауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, музей тарапынан ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіліп, қатысушыларға экспозициялық материалдармен жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалды.
Тұңғыш Президент музейі корпоративтік қорының директоры Ақтаева Күләйша Қабдуалиқызы білім алушылардың дайындығына, өзін-өзі ұстау, шет ел тілдерін меңгеруіне тәнті болып, білім алушылардың арасынан болашақ жауһарларды көргенін атап өтті. Оқу бітіргеннен кейін музейге келіп жұмыс істеуге шақырды.
Аталған байқау жоғары оқу орны мен музей арасындағы өзара тиімді серіктестіктің нақты нәтижесін көрсетті. Теориялық білім мен музейлік тәжірибенің ұштасуы студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, экскурсия жүргізу мәдениетін жетілдіруге және мәдени-тарихи мұраны насихаттауға тың серпін берді.
Тұңғыш Президент музейінің қолдауы болашақ туризм мамандары үшін практикалық машықтарды шыңдаудың, кәсіби ортаға бейімделудің және шығармашылық әлеуетін ашудың маңызды алаңына айналды.
Осындай бірлескен жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, білім мен мәдениет саласының интеграциясын нығайта түсетініне сенім мол.