Home / Жаңалықтар / Жаңа жарияланым: Жаңаөзен кен орнының сарқынды суларынан сквален табылды

Жаңа жарияланым: Жаңаөзен кен орнының сарқынды суларынан сквален табылды

Q2 квартиліне жататын Frontiers in Environmental Chemistry (CiteScore Percentile 51%) беделді халықаралық журналында профессор Ерлан Сүлейменнің жетекшілігімен қазақстандық ғалымдардың мақаласы жарық көрді.

КМГИ, Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті, ҚазМұнайГаз Инжиниринг және Назарбаев Университетінің зерттеушілері алғаш рет Жаңаөзен мұнай кен орнының сарқынды (ілеспе) суларында фармацевтика, косметика және вакцинологияда қолданылатын құнды тритерпен – скваленнің айтарлықтай мөлшерде бар екенін дәлелдеді. Авторлардың есебінше, экономикалық тиімді технология енгізілген жағдайда жылына 160 тоннаға дейін сквален алуға мүмкіндік бар.

Бұл жаңалықтың маңызы зор, себебі 2024 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ табысы теріс көрсеткіш көрсетіп, таза шығын 21,2 млрд теңгені құрады (еңбекақы қоры – 227 млрд теңге). Компания Жаңаөзендегі 20 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтылуына әлеуметтік жауапкершілік арқалап отырған кезде, мұнайдың ілеспе суларын қайта өңдеудің жаңа бағыттарын дамыту табысты әртараптандыруға және мұнай бағасының құбылуына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бере алады.

Маңызды экологиялық қыры: скваленнің негізгі көзі әлі күнге дейін акуланың бауыры болып табылады, ал оны алу үшін жыл сайын 500 мыңға жуық акула өлтіріледі. Жаңаөзен кен орнының ілеспе суларын скваленнің балама көзі ретінде пайдалану теңіз экожүйелеріне түсетін қысымды азайтып, әлемдік деңгейде орнықты тәжірибенің үлгісіне айналуы ықтимал.

Бұл жұмыс экология мен мұнайхимия саласындағы ғылыми зерттеулердің Қазақстан моноқалалары үшін өндірістік және әлеуметтік мәселелерді қатар шешетін нақты жолдарын ұсына алатынын көрсетеді.

Мақалаға сілтеме: Squalene Recovery from Uzen Oil Field Wastewater: A Novel Abiotic Resource (Frontiers in Environmental Chemistry, 2025).

https://www.frontiersin.org/journals/environmental-chemistry/articles/10.3389/fenvc.2025.1672872/full