2026 жылғы 15–17 қыркүйек аралығында Прага қаласында (Чехия Республикасы) табиғи биологиялық белсенді қосылыстардың ең ірі кластарының бірі – изопреноидтарды зерттеуге арналған ISOPRENOIDS 2026 халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференцияға табиғи қосылыстар химиясы, терпеноидтар химиясы, биосинтез және табиғи заттардың биологиялық белсенділігін зерттеу салаларында маманданған әр елдің ғалымдары жиналды. Конференцияны ISOPRENOIDS 2026 бас хатшысы, профессор Павел Драшар (Pavel Drašar) ашты.
Конференция жұмысына «Қ. Құлажанов атындағы Қазақ бизнес және ақпараттық технологиялар университеті» АҚ өкілдері – бас ғылыми қызметкер, профессор Сүлеймен Ерлан Мэлсұлы және аға ғылыми қызметкер Нұрқадіров Дархан Қайратұлы қатысты. Қазақстандық ғалымдар зерттеу нәтижелерін «Sesquiterpene Lactones of Achillea Species from the Flora of Kazakhstan» («Қазақстан флорасындағы Achillea туысы түрлерінің сесквитерпенді лактондары») атты баяндамада таныстырды.

Ұсынылған зерттеуде Қазақстан аумағында өсетін мыңжапырақтың үш түрінің – Achillea micrantha, Achillea setacea және Achillea nobilis жер үсті бөліктерінің химиялық құрамы зерттелді. Силикагельдегі бағаналы хроматография әдісімен сесквитерпенді лактондар бөлініп алынып, идентификацияланды. Анықталған қосылыстардың ішінде тиісті өсімдік түрлерінен алғаш рет бөлініп алынған екі қосылыс ерекше назар аударады: Achillea micrantha түрінен жаңа-арқаин (jana-arkain) және Achillea setacea түрінен мыңжапырақин (mynjapyrakin). Сонымен қатар жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы әдісімен Achillea nobilis түрінің жер үсті бөлігінде канин, ханфилин және эстафиатин анықталды.

Алынған нәтижелер Қазақстан флорасында өсетін Achillea туысы өкілдерінің химиялық құрамы туралы деректерді толықтырады және анықталған табиғи қосылыстардың биологиялық белсенділігін әрі қарай зерттеуге мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер жаңа перспективалы табиғи қосылыстарды іздеу және кейіннен өсімдік тектес дәрілік субстанциялар мен препараттарды әзірлеу үшін маңызды. Ғылыми жұмыс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылық қолдауымен BR24992761 бағдарламасы аясында орындалды.
ҚазУТБ өкілдерінің ISOPRENOIDS 2026 конференциясына қатысуы қазақстандық ғалымдардың зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға және шетелдік мамандармен кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Конференцияға табиғи қосылыстар химиясы, терпендер және биосинтез саласындағы белгілі зерттеушілер, соның ішінде Джованни Аппендино (Италия), Йерун Диксхат (Германия), Людгер Вессйоханн (Германия), Мирослав Стрнад (Чехия), Ева Кудова (Чехия), сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі Серғазы Мыңжасарұлы Әдекенов қатысты. Ол – табиғи биологиялық белсенді қосылыстарды зерттеуге елеулі үлес қосқан белгілі қазақстандық химик ғалым, өсімдік тектес ісікке қарсы арглабин препаратының авторы.
Конференция аясында шетелдік ғалымдармен өткізілген кездесулер мен әрі қарайғы ғылыми ынтымақтастық туралы қол жеткізілген уағдаластықтар ерекше маңызға ие болды.
Венгрия өкілдерімен жұмыс кездесуі барысында зерттелетін табиғи қосылыстарға бірлесіп масс-спектрометриялық талдау жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ынтымақтастықтың бұл бағыты зерттелетін заттардың құрамы мен құрылымы туралы қосымша деректер алуға, сондай-ақ кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Сонымен қатар Словакия өкілі Иван Кузьминичпен кездесу өтіп, перспективалы табиғи қосылыстарға бірлесіп рентгенқұрылымдық талдау (X-ray analysis) жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Талдаудың бұл түрі зерттелетін қосылыстардың кеңістіктік құрылымы туралы қосымша ақпарат алуға және жүргізіліп жатқан зерттеулер нәтижелерінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ҚазУТБ қызметкерлерінің ISOPRENOIDS 2026 халықаралық конференциясына қатысуы отандық зерттеулердің нәтижелерін таныстыруға, кәсіби ғылыми байланыстар орнатуға және табиғи қосылыстар химиясы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға маңызды алаң болды. Қатысудың маңызды нәтижелерінің бірі – әрі қарайғы халықаралық ынтымақтастық туралы нақты уағдаластықтарға қол жеткізілуі, оның ішінде Венгриядағы әріптестермен бірлесіп масс-спектрометриялық талдау және Словакия өкілімен бірлесіп рентгенқұрылымдық талдау жүргізу.
