1. Жазғы семестр
Жазғы семестр университеттегі оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және мынадай мақсаттарда ұйымдастырылады: қосымша оқыту; пән бойынша академиялық қарызды жою; студенттерді бір жоғары оқу орнынан екіншісіне, бір мамандықтан (білім беру бағдарламасынан) екіншісіне ауыстырған кезде, студенттерді қайта қабылдаған кезде оқу жоспарларындағы айырмашылықты жою.
Жазғы семестр бітіруші курсты қоспағанда, білімнің барлық деңгейіндегі білім алушылар үшін ақылы негізде ұйымдастырылады.
Жазғы семестрдің ұзақтығы — кемінде 6 апта; бұл ретте пән толық көлемде оқытылады.
Бір жазғы семестрге 15 кредиттен аспайтын көлемде өтінім беруге болады. Жазғы семестрден (кредиттерден) өту үшін төлем жасағаннан кейін білім алушы жазғы семестр басталғанға дейін ЦОС-та пәндерге жеке тіркеледі.
Курс бағдарламасын толық көлемде орындаған, бірақ ауыстыру балының ең төменгі мәнін жинай алмаған білім алушыға өзінің үлгерімінің орташа балын (GPA) арттыру мақсатында жазғы семестрде жекелеген пәндерді ақылы негізде қайта оқуға және олар бойынша емтихандарды қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Жазғы семестрде оқу құқығына білім алушылардың мынадай санаттары ие:
- өткен оқу кезеңі үшін академиялық қарызы барлар, оның ішінде дәлелді себепсіз емтиханға келмегендер;
- қайта қабылдау, ауыстыру, академиялық демалыстан оралу кезінде академиялық айырмашылығы барлар;
- қосымша оқудан өтуді қалаушылар;
- курсқа қайта қабылдануды қалаушылар.
Қосымша оқудан өту үшін жазғы семестрге құқықты академиялық қарызсыз келесі курсқа ауыстырылған білім алушылар иеленеді, бұл ретте білім алушы қосымша оқитын пәндердің саны GPA деңгейіне байланысты айқындалады.
Білім алушыға жазғы семестрде қосымша курстардан өту құқығы мынадай талаптарды ескере отырып беріледі:
- білім алушылар академиялық қарызсыз келесі курсқа ауыстырылуы тиіс;
- қосымша оқу курстарының саны білім алушының жылдық GPA деңгейімен айқындалады, GPA неғұрлым жоғары болса, ол соғұрлым көп қосымша курсқа өтінім бере алады, бірақ белгіленген шкаладан аспайды.
Жазғы семестрде оқу жетістіктерін бақылаудың мынадай түрлері қолданылады: ағымдағы, үлгерімді аралық бақылау, ауызша емтихан нысанындағы аралық аттестаттау.
Жазғы семестрдегі білім алушылардың оқу жетістіктері оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесі бойынша бағаланады.