
Астана, 2026 жылғы 23 қазан. Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті (ҚазТБУ) халықаралық Quacquarelli Symonds (QS) талдау компаниясы әзірлеген QS Stars университеттерді бағалау жүйесінде 4 жұлдызға (4 Stars) ие болды. Университетке бірқатар халықаралық өлшемшарттар бойынша қызметінің жоғары деңгейін растайтын Very Good («Өте жақсы») жалпы бағасы берілді
QS Stars — жоғары оқу орындарының қызметін кең ауқымды көрсеткіштер бойынша талдауға мүмкіндік беретін университеттерді кешенді бағалаудың халықаралық жүйесі. Университеттерді өзара салыстырып, орындарға бөлетін дәстүрлі рейтингтерден айырмашылығы, QS Stars әрбір университеттің жетістіктерін белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкес бағалайды.
Университет келесі бағыттар бойынша ең жоғары баға — 5 жұлдызға ие болды:
- Teaching (Оқыту сапасы)
- Good Governance (Тиімді басқару)
Келесі бағыттар бойынша да жоғары нәтиже көрсетіп, 4 жұлдызға ие болды:
- Employability (Түлектердің жұмысқа орналасуы)
- Academic Development (Академиялық даму)
- Program Strength – Hospitality & Leisure Management (Білім беру бағдарламасының сапасы — қонақжайлылық және демалысты ұйымдастыру менеджменті)
QS Stars жүйесіндегі 4 жұлдыз — қол жеткізген нәтижелердің халықаралық деңгейде мойындалуы ғана емес, университеттің одан әрі дамуына бағыт беретін қосымша бағдар.