Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде Этномәдени бірлестіктер күні өтті
2026 жылғы 13 қарашада Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ Достық үйінің өкілдерінің қатысуымен Этномәдени бірлестіктер күні өтті. Іс-шараны университеттің «Туризм және сервис» кафедрасы ұйымдастырды.
Кездесу аясында білім алушылар Қазақстан халықтарының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен және шығармашылығымен танысты. Бағдарламада шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі және еркін микрофон форматындағы интерактивті кездесу ұйымдастырылды. Оның барысында білім алушылар этномәдени бірлестіктер өкілдеріне сұрақтар қойып, олардың қызметі туралы ақпарат алды.
Іс-шара білім алушылардың дүниетанымын кеңейтуге, Қазақстанның мәдени әралуандығына құрметпен қарауды қалыптастыруға, этносаралық келісімді нығайтуға және ел халықтарының тілдері мен дәстүрлеріне қызығушылықты арттыруға бағытталды. Кездесудің туризм және сервис саласының болашақ мамандары үшін де маңызы зор болды. Атап айтқанда, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және қонақжайлылықтың ұлттық ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу барысында білім алушылар Достық үйінің танымдық және көшпелі бағдарламаларына да қызығушылық танытты. Аталған бағдарламалар Қазақстан этностарының мәдени мұрасымен тереңірек танысуға бағытталған.
Іс-шара мәдениетаралық диалогты нығайтуға, білім алушылардың кәсіби және мәдени танымын кеңейтуге бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық кездесу болды.


